Жаратылыстың баст 1

1Әуел баста Құдай аспан мен жерді жаратты. 2Жер ретсіз, тіршіліксіз бос жатты; суға толы тұңғиықтың үстін қара түнек жауып тұрды. Ал Құдайдың Рухы су бетінде қалықтап ұшып жүрді. 3Сонда Құдай: «Жарық пайда болсын!» — деп бұйырды. Осылай жарық пайда болды. 4Құдай жарыққа қарап, оның жақсы екенін көрді. Ол жарықты қара түнектен бөліп, 5жарықты күн, ал қара түнекті түн деп атады. Кеш түсіп, таң атты; бұл бірінші күн еді. 6Содан кейін Құдай: «(Айнала тұманданып тұрған) суды ортасынан бөліп тұратын әуе кеңістігі пайда болсын!» — деп бұйырды. 7Осылай Ол әуе кеңістігін жасап, соның астындағы суды үстіндегі судан бөлді. Солай болды да. 8Құдай әуе кеңістігін аспан деп атады. Кеш түсіп, таң атты; бұл екінші күн еді. 9Мұнан соң Құдай: «Аспан астындағы су бір жерге жиналып, құрлық көрініп тұратын болсын!» — деп бұйырды. Солай болды да. 10Құдай құрлықты жер, ал жиналған суды теңіздер деп атады. Ол жасағанына қарап, жақсы екенін көрді. 11Құдай енді: «Жер жасыл өсімдіктерді: тұқым шашатын өсімдіктерді және дәнегі бар алуан түрлі жеміс беретін ағаштарды өсіріп шығарсын!» — деп бұйырды. Солай болды да. 12Жер жасыл өсімдіктерді: түрлеріне қарай тұқым шашатын өсімдіктерді әрі дәнегі бар жеміс беретін ағаштарды өсіріп шығарды. Құдай жасағандарына қарап, жақсы екенін көрді. 13Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл үшінші күн еді. 14Сонан соң Құдай: «Аспан кеңістігінде шырақтар орнасын! Олар күндіз бен түнді бір-бірінен ажыратып, арнайы мезгілдерді, күндер мен жылдарды белгілеп, 15жерге нұрын шашу үшін аспан кеңістігінде жарқырайтын болсын!» — деп бұйырды. Солай болды да. 16Құдай үлкенірегі күндізге, кішірегі түнге билік жүргізетін жарқыраған екі үлкен аспан шырағын әрі жұлдыздарды жаратты. 17Құдай оларды жерге жарық түсіріп, күндіз бен түнге билік жүргізіп, жарықты қараңғыдан ажырату үшін аспан әлеміне орналастырды. Құдай мұның да жақсы екенін көрді. 19Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл төртінші күн еді. 20Сонан соң Құдай: «Теңіздер, көлдер және өзендер су жәндіктеріне толсын, әрі аспандағы әуе кеңістігінде құстар ұшып жүрсін!» — деп бұйырды. 21Осылай Құдай суды мекендейтін алып жануарларды, суда қаптап жүрген басқа да жануарлар мен жәндіктердің барлық түрін, сонымен бірге қанаттыларды да түр-түрімен жаратты. Құдай жасағандарына қарап, жақсы екенін көрді. 22Оларға оң батасын беріп: «Өсіп-өніп көбейіңдер, теңіздерді толтырыңдар, құстар да жер бетінде көбейсін!» — деп бұйырды. 23Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл бесінші күн еді. 24Содан кейін Құдай: «Жер әр қилы тіршілік иелерін: малдар, бауырымен жорғалаушылар және аңдарды түр-түрімен шығарсын!» — деп бұйырды. Солай болды да. 25Құдай әр қилы аңдар мен малдарды және бауырымен жорғалаушыларды түр-түрімен жаратты. Ол жасағандарына қарап, жақсы екенін көрді. 26Құдай енді: «Біз (рухани жағынан) Өзімізге ұқсас әрі бейнелес етіп адамды жаратайық. Адамдар теңіздегі балықтар мен аспандағы құстарға, малдар мен аңдарға, бүкіл жер бетіне және онда жорғалап жүрген барлық жануарларға билік жүргізсін», — деді. 27Осылайша Құдай адамды (рухани жағынан) Өзіне ұқсас әрі бейнелес етіп, бірін еркек, бірін әйел қылып жаратты. 28Құдай оларға оң батасын беріп: «Өсіп-өніп көбейіңдер! Ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар! Оны өздеріңе бағындырып, теңіздегі балықтарға, аспандағы құстарға және жер бетіндегі барлық жануарларға билік жүргізіңдер!» — деді. 29Құдай оларға тағы тіл қатып: «Мен сендерге жер бетіндегі тұқым шашатын өсімдіктерді және дәнегі бар жеміс беретін ағаштарды түр-түрімен бердім, бұлар сендерге тамақ болсын. 30Жер бетіндегі барлық аңдарға, аспандағы күллі құстарға және бауырымен жорғалаушыларға — бойында тіршіліктің лебі бар жануарлардың бәріне Мен көк шөп атаулыны қорек етуге беремін», — деді. Солай болды да. 31Құдай Өзінің жаратқандарының бәріне қарап, өте жақсы екенін көрді. Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл алтыншы күн еді.


Copyrighted Material
Learn More

will be added

X\